Ағымдағы жылдың 1-сәуірі мен 31-мамыры күндері аралығында, Түркістан облысының аумағында полиция қызметкерлерімен «Балық уылдырық шашу кезеңінде браконьерлік деректерін болдырмау және жолын кесуге, сондай-ақ балық пен балық ресурстарын заңсыз өндіруге, тасымалдауға және сатуға байланысты құқық бұзушылықтар мен экологиялық қылмыстардың алдын алуға және анықтауға бағытталған уылдырық шашу» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп, бірқатар заңсыздықтардың жолы кесілуде.


Мәселен, Жетісай ауданында аталған іс-шараның алғашқы тәулігінде, Түркістан облысы ПД табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері, «Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы» және «Охотзоопром» өкілдерімен бірлесіп, Шардара су қоймасында браконьерлік жайтын анықтады. Яғни, тәртіп сақшылары заңсыз балық аулаумен айналысқан Жетісай ауданының тұрғынын ұстады. Тексеру барысында полицейлер күдіктінің «ВАЗ» маркалы автокөлігінен 100 келіден астам ауланған балық, оның ішінде 75 дана сазан, резеңке етік, 4 жарықтандырғыш құрылғы және басқа да заттай дәлелдемелерді тәркіледі — деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта аталған жайт ҚР ҚК 335-бабы «Балық ресурстарын, басқа су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз өндіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ал браконьер одан әрі тергеу жүргізу үшін полиция бөліміне жеткізілді.
Айта кетсек, «Уылдырық» жедел-профилактикалық шарасы барысында ҚР ҚК-нің 335-бабымен, яғни заңсыз аулаудың 2 жайты анықталып, ҚР ӘҚБтК-нің 383-бабымен «Балық аулау және балық ресурстары мен басқа су жануарларын қорғау ережелерін бұзу» бойынша 5 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарды табиғатты қорғауға және заңдарды сақтауға, соның ішінде балықтардың уылдырық шашу кезеңінде жанашырлық танытуға шақырады. Егер де, сіз, браконьерліктің немесе табиғат қорғау заңнамасын өзге де бұзушылықтардың куәсі болсаңыз, бірден полицияға хабарласыңыз.




