Қазіргі таңда елімізде алаяқтық, яғни алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы оңай жолмен ақша табу мақсатында, сенгіш халықты алдап, соңында сан соқтырып кететіндер қатары көбейген. Сондықтан алаяқтарды анықтап, олардың жолын кесу үшін тәртіп сақшылары күні-түні қызмет атқаруда. Оның ішінде Түркістан облысының полицейлері де нәтижелі жұмыс жасап, алаяқтарды құрықтауда — деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Мәселен, Түркістан ҚПБ-ға жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, ол жақын таныс емес әйелге сеніп, оның арбауына түсіп қалған. Яғни мемлекеттік бағдарлама бойынша қайтарымсыз қаражат шығаруға көмектесетінін айтқан алаяқ, тұрғынның ақшасын алған соң, жоқ болған. Жәбірленушіге келтірілген шығынның көлемі 1 000 000 теңгені құрайды. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алынды. Орын алған алаяқтық қылмысын ашып, күдіктіні ұстау үшін жедел-тергеу тобы құрылды. Тәртіп сақшыларының іздестіру жұмыстары оң нәтиже беріп, күдікті өз мекенжайынан ұсталып, АПБ-ға жеткізілді.
Анықталғандай күдікті әйел, яғни жергілікті тұрғын бұған дейін де алаяқтық жасап, сотты болған. Қазіргі таңда күдікті әйел қамауға алынып, оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болуға және күмәнді қызметтер ұсынатын бейтаныс адамдарға сенбеуге кеңес береді. Сондай-ақ алаяқтан зардап шексеңіз, бірден полицияның 102 телефонына хабарласыңыз деп ескертеді.




