Түркістан ҚПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып, өз арызында жақын танысының 10 соттық жер телімін алып беремін деп сан соқтырып кеткенін көрсеткен. Осылайша алдау жолымен 2020 жылдың тамыз айында оның 800 мың теңге ақшасын алған. Алайда осы күнге дейін не жер алып бермеген, не ақшасын қайтармаған. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды.
Жедел-тергеу тобының шұғыл іздестіру жұмыстарының нәтижесінде жергілікті тұрғын анықталып, тәртіп сақшылары оны полиция бөліміне жеткізді — деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, күдікті алаяқтық, яғни сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену арқылы тұрғынның ақшасын алғанын мойындады. Сондай-ақ заңсыз әрекет жасау үшін алған ақшаны өз қажеттілігіне жаратып жіберген. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Алдағы уақытта полиция қызметкерлері күдікті ер адамның басқада қылмыстық жайттарға қатысы бар-жоғын анықтайтын болады.
Полиция қызметкерлері тұрғындарға күмәнді қызмет ұсынған кез келген адамға сенбеңіз деп ескертеді. Алаяқтықтың куәсі не құрбаны болсаңыз, тез арада полицияның «102» нөміріне хабар беріңіз.




