Сауапты істің қатарында жақсылық пен қайырымдылық жасау бірінші орында тұрады. Осы орайда Түркістан облысы полицейлерімен үнемі аз қамтылған, тұрмысы төмен, ерекше балалар тәрбиелеп отырған ата-аналар, көпбалалы отбасыларға қамқорлық жасалып, қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып тұрады. Оған қоса түркістандық полицейлер, олардың отбасына арнайы барып, хал-жағдайларын біліп кездесіп, сый-сияпаттар табыстауды дәстүрге айналдырған.
Ал «Қайырымдылық — қайырлы іс!» дегенді ұран еткен Келес ауданының полицейлері мереке қарсаңында қаншама отбасы мүшелерінің жүзіне қуаныш ұялатты. Яғни тәртіп сақшылары, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі аясында, аудандағы 10-нан астам тұрмысы төмен отбасыға бірінші кезекте қажетті азық-түліктер апарып беріп, қайырымдылық шарасын өткізді. Мәселен полицейлер, 7 баланы өзі тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана А. Құрбанбаеваның жалдамалы пәтеріне барып, арнайы дайындап апарған азық-түліктерін табыстады. Оған қоса Қ. Есқараев есімді 2 баланы жалғыз өзі өсіріп отырған тұрғынның да үйіне арнайы барып, базарлықтарын жеткізді.
Келес АПБ полицейлерінің айтуынша олар, өңірдегі көмекке мұқтаж жандардың тізімін алып, олармен тығыз байланысып, барынша қолдау білдіруге тырысады. Уақытпен санаспайтын жұмыстарынан, бос уақыт тауып, өз еріктерімен қаражаттарын жинақтап, осындай игі іске арқау болады.
Өз кезегінде жақсылық жасаудан жарысып, нағыз жомарттық танытқан азаматтарға көпшілік мол сауапқа кенелуді тіледі. Полицейлердің жұмыстарына табыс, отбасыларына амандық тілей отырып, ақ баталарын берді.
«Полиция халықтың қорғаны ғана емес, ең жақын жанашыры болуы қажет» деп білетін Келес АПБ полицейлері бұл бағыттағы жұмыс жалғасатынын алға тартты.




