8 наурыз әйелдер мерекесіне байланысты Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов игі іске бастама жасады. Нақтырақ айтсақ, қызмет бабында қайтыс болған полицейлердің жұбайларын арнайы шақырып, мерекемен құттықтады.
«Қиын да қауіпті қызмет саналатын ішкі істер саласында өзіндік қиындықтар кездеседі. Әсіресе қылмыскерді құрықтаймын деп, қауіппен бетпе-бет келеді. Қылмыскерді құрықтағанымен әркез сәттілік тәртіп сақшыларының жанына серік бола бермейді. Қанды қол қылмыскерлер кей жағдайларда қаруланып, полицейлерді мерт қылады. Десе де біз қызметін адал атқарып, ерлікпен қаза тапқан әріптестерімізді ешқашан ұмытпаймыз. Олардың ерлігі әрқашан біздің жадымызда!», — деп атап өтті киелі өңірдің бас полицейі М.Қабденов.
Қаза болған полицейлердің жұбайларына ТО ПД бастығы М.Қабденов гүл шоқтары мен бағалы сыйлықтарын табыстады.
«Ішкі істер саласында қызмет атқарған күйеуімнің қайтыс болғанына биыл 36 жыл болады. Осы аралықта оның әріптестері, яғни полиция қызметкерлері бізді назардан тыс қалдырған емес. Бүгін де арнайылап шақырып, өзінің тілегін жеткізіп, сый-сияпаттарын табыстаған полиция генерал-майоры Мұрат Қабденовке өзімнің алғысымды жеткіземін. Қызметтеріне сәттілік, отбастарына амандық тілеймін. », — абзал ана Дариға Құдайбергенова.
Ал жұбайы учаскелік полиция инспекторы болып жұмыс істеген және қызмет бабында бірден жол апатынан қаза тапқан тәртіп сақшысы Расул Наршабаевтың әйелі Динара: «Полицияның жұмысы өте ауыр. Олар күн-түн демей кез келген уақытта жұмыстан табылады. Менің күйеуім де осы салада қызметте болды. Тағдырдың қатал сынағымен жұбайым қаза тауып, 4 баламен жалғыз қалдым. Сондықтан күйеуімнің әріптестеріне осындай құрмет үшін шексіз алғысымды білдіремін. Қайда жүрсеңіздер де отбастарыңызға, күтіп отырған жақындарыңызға аман есен оралыңыздар!», — деді.
Түркістан облысының полицейлері бүгінгі күннің батыры саналатын, халқына аянбай қызмет ете жүріп, ажал құшқан полицейлердің есімдерін, оның отбасын, ұрпағын ұмытпай, әрдайым қолдан келгенше қолдау білдіріп отыруды дәстүрге айналдырған. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да орын жалғаса бермек— деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.




