Түлкібас аудандық полиция бөліміне, жергілікті тұрғыннан хабарлама келіп түсті. Онда Састөбе ауылының тұрғыны есірткі затын сақтап, қолданып және тасымалдап жүргені айтылған. Полицейлер ақпарат алысымен тез арада іске кірісті. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 296-бабы «Есірткі құралдарымен, психотроптық заттармен, олардың аналогтарымен сату мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша тіркеліп, қылмыстық іс қозғалды.
Хабарламада көрсетілген жайтты анықтау мақсатында оқиға орнына Түлкібас АПБ-нің қызметкерлері шығып, шұғыл тексеру жұмыстарын жүргізді. Осы жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде, күдікке ілінген азаматтың мекенжайы анықталды. Ал күдікті ер адам үйінің алдындағы көшеден ұсталды. Оның жеке-басына тінту жүргізу кезінде, күртешесінің ішкі қалтасынан түссіз пакетке оралған есірткі затына ұқсас өсімдік табылып, сараптама тағайындалды. Сараптама қорытындысына сәйкес есірткі заты «кептірілген марихуана» болып шықты. Күдікті өз жауабында аталған есірткі затын тауып алғанын жеткізді. Қазіргі таңда күдікті деп танылған ер азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде — деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Түркістан облысы полицейлері азаматтарға тыйым салынған заттарды қолданып, сатуға, сақтауға болмайтынын, әр құқықбұзушылыққа өзіне сәкес шара көрілетінін ескертеді. Жалпы есірткі қолдану, бірінші кезекте сіздің денсаулығыңызға қауіпті екенін айтып, салауатты өмір салтын қолданып жүруге кеңес береді




