Кентау қалалық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын спорттық велосипедінің ұрланғаны жөнінде арызданған. Жәбірленуші тұрғынның айтуынша, оның дүкен жанына қойып кеткен 70 мың теңгелік велосипедін белгісіз біреу жымқырып кеткен. Оқиға орнына бірден учаскелік инспекторлар келіп, велосипед ұрлаған ұрыны іздеуге кірісті. Тәртіп сақшылары аулаларды аралап, куәлардан жауап алып, дүкен мен көшеде орнатылған бейнебақылау камераларын тексерді. Полицейлер жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде күдіктіні 1 тәулік ішінде ұстады. Ол жергілікті тұрғын, яғни бойжеткен болып шықты. Учаскелік инспекторлар бойжеткеннен ұрланған велосипедті алып, заңды иесіне қайтарды.
Қазіргі уақытта аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бойжеткеннің айтуынша, ол тезірек үйіне жету үшін осындай заңсыз әрекетке барған — деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Түркістан полицейлері велосипедті қараусыз қалдырмауды ескертеді. Түрлі құлыптар, дабылдар және басқа да амалдар, ұрлыққа оқталған тұлғаның жолында уақытша кедергі, сондықтан егер велосипедті қалдыруға тура келсе, онда міндетті түрде ешкім бұзып әкете алмайтындай ұрлыққа қарсы трос қолдануды әдетке айналдырыңыз. Велосипедіңізді камерасы бар орынға қойыңыз.




