Келес ауданы ПБ-нің кезекші бөліміне табиғатты қорғау инспекторы таңғы сағат 05:00 шамасында Сырдария өзенінде тексеру жұмыстарын жүргізу барысында браконьерлер ұсталғаны жөнінде хабарлама жасады.
Оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобының қызметкерлері 2 браконьердің резеңкеден жасалған қайықтарымен электр тогын пайдаланып, заңсыз балық аулап жүргендігін анықтады. Айғақты зат ретінде браконьерлерден 2 дана ескек пен 1 дана резеңке қайық, насос пен сүзгіштің бір-бір данасы және жарық бергіш, ток бергіш құрылғылары алынды. Сонымен қатар 25 келі сазан балықтары қоса тәркіленді. Сондай-ақ күдікті азаматтардың бірі бұрын сотты болған жергілікті тұрғын болып шықты.
Полиция қызметкерлері күдіктілерді істің барлық мән-жайын анықтау үшін бірден аудандық полиция бөліміне жеткізді — деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта аталған жайтқа қатысты ҚР ҚК-нің 335-бабы 3-бөлігі «Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерді заңсыз аулау» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері азаматтарға заңсыз балық аулау, сондай-ақ Қызыл кітапқа енгізілген жануарлар мен өсімдіктерді жою заң аясында жауапқа тартылатынын еске салады.




