Ордабасы ауданы ПБ-ның полиция қызметкерлері жергілікті тұрғынның үйінен ішінде 1500 АҚШ доллары бар әмиянын жымқырып кеткен туысын ұстады. Яғни жәбірленуші азамат өзінің әмиянының жоғалғанын айтып, тәртіп сақшыларының көмегіне жүгінген. Полицейлер аталған жайтты ҚК 188-бабы, яғни «Ұрлық» қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша СДТБТ-ға тіркеді.
Хабар түсісімен тәртіп сақшылары ұрлық қылмысының ақ-қарасын ажыратуға бірден кірісті. Оқиға орын алған аймақты түгел тексеріп, күдіктінің жеке басын анықтауға бағытталған түрлі шараларды жүргізді. Полицейлердің жинақтаған ақпарат көздерінің арқасында күдікті азамат Шымкент қаласы көшелерінің бірінен ұсталды. Ол Маңғыстау облысының тұрғыны, жәбірленушінің жиен інісі болып шықты. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізілуде — деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, күдікті жәбірленушінің үйінде жүріп жатқан жөндеу жұмыстарына көмектесу мақсатында келген. 3 күннен бері көмек көрсетіп, ағасының жұмыстарымен үйінен шығып кеткенін пайдаланған. Осылайша үй ішін тінтіп, сандық ішіндегі әмиянды жымқырған. Ал ақшаны өз қажеттілігіне жұмсаған.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға сақ болуды және мүліктерін қараусыз қалдырмау керектігін ескертеді. Ақша мен әмиянды қалтаңызға салып немесе қолыңызда ұстаған дұрыс. Сондай-ақ тонау немесе ұрлық жағдайына тап болсаңыз, тез арада полицияға «102» телефонына хабарласыңыз.




