Келес ауданы, Біртілек ауылдық округінде орналасқан №8 Т.Бегманов атындағы жалпы орта мектебінде «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы аясында маңызы зор іс-шара ұйымдастырылды. Оқушыларға іс-шараның мақсаты таныстырылып, «Отбасын аялайық!» атты бейнеролик көрсетілді. «Бақытты отбасы» тақырыбында 9-10-11 сынып оқушылары арасында шығармашылық байқау ұйымдастырылып, байқауға белсенді қатысып, жүлделі орын алған оқушыларға Келес АПБ атынан марапаттар табысталды.
Аталмыш шараға Келес АПБ Кадр саясаты жөніндегі орынбасары полиция полковнигі Саттар Отыншиев, Келес АПБ ЖПҚ ӘЗЗҚТ инспекторы полиция майоры Элмира Есенкулова, Келес ауданы әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Жансая Маханбеталиева, Келес ауданы әйелдер кеңесінің төрайымы Гулбала Сарсенова, Келес ауданы жастар ресурстық орталығы әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу қызметі секторының мамандары мен мектеп ұстаздары, оқушылар қатысты.
Сондай-ақ Келес ауданы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің жиналыс залында кездесу өткізілді. Келелі кездесуде әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық жасауға бейім адамдармен профилактикалық жұмыс жүргізілді. Әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелері талқыланып, өзара пікір алмасу орын алды. Жиналыс барысында шараға қатысушыларға нақты тапсырмалар берілді — деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Жалпы бұл акцияның мақсаты — отбасындағы зорлық-зомбылықты болдырмау, жолын кесу, қабылданып жатқан шаралар туралы тұрғындарды таныстыру, жергілікті халықтың полицияға деген сенімін арттыру. Оған қоса қоғамда отбасының рөлін нығайту, балалардың бойына отбасылық құндылықтарды сіңіру болып табылады.




