Шардара аудандық ПБ-ның кезекші бөліміне «102» нөмірі арқылы жергілікті тұрғын хабарласқан. Ол азаматтың айтуынша, кешкі сағат 20:00 шамасында Шардара ауданы Ұзын-ата ауылына қарасты егістік алқапта жайылып жүрген 1 бас қойын белгісіз азамат ұрлап кеткенін көрсеткен. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын көлемі 50 000 теңге. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚК-нің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» бойынша СДТБТ-ға тіркеп, қылмыстық істі ашуға бірден кірісіп кетті.
Ақпарат алысымен Шардара ауданының тәжірибелі қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылып, оқиға орнына жетті. Тәртіп сақшылары жақын маңдағы барлық аумақтар мен жайылымдарды аралап, сондай-ақ мал сататын орындарды тексерді — деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, полиция қызметкерлері мал ұрлығын жасағандардың ізіне шығып, аз уақыттың ішінде күдікті ер азаматты ұстады. Ол жергілікті тұрғын болып шықты. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Белгілі болғандай, күдікті өзінің басқаруындағы «Ауди» маркалы автокөлігінің жүк салғышына салып жымқырған. Күдікті жымқырған қойды үйіне алып барып жасырып, сатпақ болған. Алайда полиция қызметкерлерінің қырағылығының арқасында, арам ойы іске аспады.
Түркістан облысының полицейлері ауыл тұрғындарына қырағы болып, малдарын қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді.
ТО ПД баспасөз қызметі




