Біздің бүгінгі мақаламызға арқау болатын Түркістанның талантты тәртіп сақшылары Марат Өскенбаев пен Ақтолқын Көбегенова. Марат Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің әкімшілік қамаққа алу бөлімінде еңбек етсе, Ақтолқын осы ауданның әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының полицейі.
Бүгінде олар тек полицей ғана емес, ғашықтардың арасын қашықтықтың бөле алмайтынын дәлелдеген шенді ерлі зайыптылар. Олай дейтін себебіміз Марат Түркістан облысы Сарыағаш қаласының тумасы, ал Ақтолқын осы өңірге өнегелі келін атанған алматылық ару. Екеуінің арасын қанша мыңдаған шақырым бөлсе дағы, ынтызар сезімнің күшімен екі полицей бас қосып, шаңырақ көтерген. Бұл екі жұптың өмірінде өздеріне ортақ ұқсастықтар аз емес. Екеуі де жоғарғы оқу орнын бір топта, тіпті бір партада отырып аяқтаса, өмірде де егіз қозыдай жұптары жазылмай келеді. Қос ғашық күнделікті таңмен таласа оянып, бірге жұмысқа келеді. Жұмыс орнында араларын бөліп тұрған тек бөлме ғана.
Қазіргі таңда Марат пен Ақтолқын Сарыағаш ауданының полиция бөлімінде майор шенімен қызметтерін атқаруда. Басшылық тарапынан жеткен жетістіктеріне тиесілі марапат мадақтарын алып, қызметте үздік екендіктерін дәлелдеп келеді.
2017 жылы ерлі зайыптылар Қазақстан Полициясына 25 жыл төсбелгісімен, ал 2015 жылы Марат үздік полицей атанса, алматылық ару Ақтолқын 2018 жылы үздік ҚР ІІМ-мен үздік қызметкер деп танылды. Өзгелердің қос жұптан отбасылық өмірге қатысты үлгі аларлық тұстары аз емес. 2004 жылы шаңырақ көтерген полицейлер отбасының беріктігі мен бірлігін бүгінгі күнге дейін дәлелдеп келеді.
Полицейлер отбасы жыл сайын облыс әкімінің басшылығымен болатын «Мерейлі отбасы» конкурсында жүлделі орыннан көрініп, ақшалай сертификаттың иегері атанған. Одан бөлек «Біз мәңгілік ел боламыз!» атты ҚР Ішкі істер органдары қызметкерлерінің арасында өткен конкурстың дипломанты, ҚР ІІМ тарапынан ұйымдастырылған әскери-патриоттық әндер фестивалінің ІІІ-орын иегері болған. Республика көлемінде ұйымдастырылатын көңілді тапқырлар клубында, ән байқауларында бақ сынап, ҚР ІІМ-нің арнайы алғыс хаттарымен мадақталған.
Алматылық ару Ақтолқын тамылжыта ән салғанда, кез-келген жанның таңдайын қақтырары сөзсіз. Қазақ және орыс тілдерінде мүдірмей сөйлеп, әнді де осы екі тілде еркін орындайды. Түркістан облысы полиция департаментінің мерекелерде ұйымдастыратын іс-шараларының барлығы да Ақтолқынның әсем әнінсіз өтпейді.
— Мен ес білгелі ән айтамын. Әннен ешқашан ажыраған емеспін. Студент кезімде әншілік қабілетімді байқаған ұстаздарым, арнайы залды әрлеп, менің «Қыз сезімі» атты жеке концертімді өткізуге ат салысқан. Осылайша студенттік шақта алғаш рет жеке ән кешім өтті. Өзімнің алғашқы қатысқан байқауым «Шабыт», ал отбасыммен бірге қатысқан бірінші байқауымыз «Папа, мама и я, вместе спортивная семья» деген отбасылық спорт жарысы болатын. Ол жарыста біздің отбасында төрт жан еді. Мен, қызым, ұлым және жұбайым. Полиция қызметкері болғандықтан әрдайым спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанып жүреміз. Сондықтан біздің отбасыға спорт додасында үздік атану қиындық тудырмады. Бас жүлдені жеңіп алдық. Осылайша біздің отбасымыз аудандағы кез-келген жарыстарға белсене қатысуды әдетке айналдырды. Өнерлілер байқауы, спорт саласы болсын, біз әрдайым қатысып, қалыс қалмауға дайын тұрамыз.»
Жаны нәзік полицей арудың бір ғана бойында осыншама таланттың қайдан келгенін сұрадық? Ақтолқын көп ойланған жоқ, сұрағымызға бірден жауап берді.
— Ата-анамның айтуынша бойымдағы талант бала кезімнен байқалыпты. Әжем Балташ Кенжалина соғыстан кейінгі жылдары мәдениет үйінің меңгерушісі қызметінде болған екен. Және менің таң қалатыным ол кісі әуезді ән айтып, бірнеше аспаптарды меңгерген әмбебап өнерпаз болыпты. Әжем ән айтса мен де ыңылдап, күй тартса домбырасына жармасып отыратын болыппын. Сондықтан анам «әжесінен айнымаған талантты қызым» деп көп еркелетеді. Өзімнің анам «Адам болып туылдың ба, ендеше өнерге ұмтыл. Қай саланы меңгерсеңде, мамандығыңның майталманы болсаң да сен халқымыздың ұлттық аспаптарында ойнай алуың керек. Жігіт түгіл, қызға да жеті өнер аз болады»,- дейді. Сондықтан мен де өзімнің 4 баламды (3 ұл бір қыз) өнерге баулып келемін. Үлкен ұлым мен қызым Сарыағаш қаласындағы саз мектебінде баян сыныбында оқиды. Жанды дауыста ән айтып, би билейді. Менің ойымша әрбір ата-ана өз баласын мектепте білім алудан бөлек өнерге баулыса, кез-келген жерде жан-жағын жарқырап, жайнатып жүреді деп есептеймін. Жалпы өнерді меңгерген адам ешуақытта қор болмайды»
Полицей болу оңай емес Әсіресе әйел адамға. Себебі бұл мамандық қай кезде де қауіпті саналған. Алайда Ақтолқынның әңгімесінен үздік қызметкер екендігін білдік. Содан соң тағы бір сұрақ қойдық: Отбасылық өмір мен қызметіңізді алып жүру сізге қиындық тудырмайды ма? Үйіңізге келетін қонақтарды күту керек, бала шағаның киімі, оқуы мен тәрбиесін қадағалау керек дегендей. Жалпы қызметтен шаршаған кезіңізде, басқа салаға ауысып кеткіңіз келмей ме? Сондай ой сізге туындамады ма?
— Басқа салада өзімді мүлде елестете алмаймын. Форма киген шенділерге қызыға қарап өскендіктен — әнге деген құштарлығым, дарыным болса да, бұл мамандықтан ажырамаймын. Өйткені полицей болуды мен бала кезден армандадым. Тек киім кию жағына емес енді (Ақтолқын күліп алды), менің есімде олар нағыз құтқарушылар, бүгінгі күннің батырлары болып тұрады. Өз қызметімде де отбасында зорлық зомбылыққа ұшыраған әйелдерге көмек көрсетемін. Отбасылық жанжал кезінде көп жағдайда әйелдер ұялы телефоныма хабарласады, бірден барып, мүмкіндігінше татуластыруға тырысамын. Себебі менің мамандығым полицей болғанымен, мен де анамын, бір үйдің отанасымын. Полицей болсақ та, біріншіден ақылмен шешуге, көмекке мұқтажға көмектесуге талпынамыз. Содан соң барып заң аясында шара көреміз. Сотқа жолданатын іс болса оны да жасаймыз. Алайда жанжалдасқандарға өз ақылымды айтып, қамқорлық танытып талай тұрғынның шаңырағының шайқалуынан аман алып қалдым. Әлі күнге дейін көрген жерде мені танып, амандасып, алғыстарын айтып кетеді. Сондықтан өзімді өзге салада елестетпеймін.
— Жұбайым Марат отбасында жалғыз бала. Қарындасы мен анасы ғана бар. Әкесі Мараттың кішкентай кезінде қайтыс болған. Екінші анам саналатын Мараттың анасы Қатира Сұлтановамен бірге тұрамыз. Ол кісі маған үй шаруасында, бала тәрбиесінде көп көмектеседі. Менің балаларыма менен жақсы қарайды десем артық айтқаным емес. Әжелік ақыл кеңестерін аямайды. Ал мен қызметте полицей болсам да, үйде келін болғандықтан өз міндетімді дұрыс атқаруға тырысамын. Әйел адам қырық жанды дейді ғой, сондықтан барлығына үлгеруге тырысамын.
Осылайша өзінің отбасылық өмірі мен үлгі боларлық қызметін қатар алып жүрген Ақтолқын қашанда алда болудың жолын жастарға көрсетіп келеді. Тек заң саласымен ғана шектеліп қалмай, өнерді қоса алып, ауданның атын шығарып жүрген, сонау апорттың отаны Алматыдан келген арудың алдағы өміріне біз де сәттілік тіледік. Ұлағатты ұрпағымен өсіп өркендеп, ата жолын асқақтата беруіне ақ ниетімізді жеткіздік. Елім дейтін ер азаматтармен қатар қызмет етіп жүрген шенді аруларымыздың қатары азаймасын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!
Гүлнар Абдурахманқызы,




