Түркістан қалалық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданады. Ер адам өз арызында, Атабай тас жолы бойында орналасқан бос жатқан жер телімдегі темір материалынан жасалған түрлі өлшемдегі трубаларын белгісіз біреу жымқырып кеткенін көрсеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 500 000 теңгені құрады. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алынды.
Орын алған қылмысты ашып, күдіктіні анықтау мақсатында полицейлер жедел іске кірісті. Осы аумаққа бекітілген учаскелік полиция инспекторлары полиция капитаны Мамыр Мұсаханов пен полиция майоры Нұржан Маханов, көрген-білгендерден жауап алды. Полицейлер үзіліссіз барлық темір қабылдайтын орындарды қарап шықты. Мұқият жүргізілген жедел-іздестіру жұмыстары нәтижесінде, ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке-басы анықталып, ұсталды. Ол бұрын сотты болған жергілікті тұрғын болып шықты — деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап. Күдікті қамауға алынды.
Белгілі болғандай, күдікті қараусыз жатқан темірлерді байқап жүріп, жеңіл жолмен пайда табуға бекінген. Содан арнайы көлік жалдап, темірлерді артып әкеткен. Ұрланған заттарды темір алатындарға 300 000 теңгеге өткізген. Бүгінде ұрланған темір құбырлар айғақты зат ретінде алынып, заңды иесіне қайтарылды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері өз мүліктеріңізге барынша сақ болыңыздар деп ескертеді. Мүмкіндігінше аулаларыңызға бейнебақылау камераларын орнатып, бос жер телімдеріңізде бағалы заттарыңызды қараусыз қалдырмаңыздар. Қауіпсіздік шараларын іске асыратын болсаңыз, ұрылардың жолына тосқауыл қоясыздар. Егер, сіз, ұрлықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияға хабар беріңіз.
ТО ПД-ның баспасөз қызметі




