Қазіргі таңда коронавирус індетінің қайта өршуіне байланысты елімізде карантин режимі енгізілгені баршамызға белгілі. Осыған қарамастан, облыс тұрғындары ағайын-туыс, дос-жарандарын шақырып, ұлан-асыр той жасауларын тоқтатар емес. Осы тұста карантин талаптарының сақталуын қадағалау мақсатында құрылған арнайы мобильдік топтар, той-жиындарға жиналған көпшілікті тарқатуда. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде.
Мәселен, Жетісай АПБ-ның қызметкерлері сағат 14:30 шамасында жергілікті тұрғынның Асықата кентіндегі тойханалардың бірінде құдалық тойын өткізіп жатқанын анықтады. Тойға 100-ге жуық адам жиналған. Мобильдік топ мүшелері жиналған жұртшылыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тойды дер кезінде тоқтатты. Бұдан бөлек тойхана қызметкерлері карантиндік талаптарды сақтамай бетпердесіз қызмет көрсетіп жатқандығы белгілі болды.
Жалпыға ортақ шектеу шараларын сақтамаумен қатар, карантин талаптарын елемеген тойхана мен той иесіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормаларды бұзу» бойынша іс-құжаттар жинақталып, заңды шешім қабылдау үшін Жетісай ауданы бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасының қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды — деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері барлық азаматтарға карантин кезінде сақтық шараларды ұстанып, адамдар көп шоғырланған жерлерге бармауды, басқосулар мен той-жиындарды жасамауды ескертеді. Карантин ескерілмей, құқық бұзушылыққа жол берілген жағдайда, заң аясында жауапкершілік қарастырылған. Сондықтан немқұрайдылық танытпай, өз саулықтарыңыз үшін карантин талаптарын ұстанғандарыңыз жөн.
ТО ПД-ның баспасөз қызметі




