Сарыағаш АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып келеді. Оның арызында тұрғын үйінің жанындағы көше бойында тұрған өзіне тиесілі құны 500 000 теңге болатын трактордың қондырмасын (ковш) белгісіз біреулердің жымқырып кеткенін көрсеткен.
Аталған оқиғаны тәртіп сақшылары ҚР Қылмыстық Кодексінің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеді. Ұрлық орын алған жерге сарыағаштық жедел тергеу тобы жетеді. Полицейлер жақын маңайды аралап, көрген білгендерден сұрастырды. Күдіктілердің ізіне түсу үшін барлық шараларды жасады. Полицейлер 2 тәулік бойы іздеуді тоқтатпады. Нәтижесінде жедел тергеу тобы күдіктіні жергілікті мекенжайынан анықтап, бөлімшеге жеткізді.
Белгілі болғандай күдікті деп танылған жас жігіт өз қажеттілігі үшін көшеде тұрған темірді көріп, өз арам ойын жүзеге асырғысы келген. Содан күдікті айналасында ешкімнің жоқтығын байқап, трактор қондырмасын өз автокөлігіне тиеп алып кеткен. Сондай-ақ полицейлер күдікті азаматтың құны 500 мың теңге болатын трактор қондырмасын 12 мың теңгеге бағалап, темір алатын базарға өткізіп жібергенін анықтады. Бүгінде күдікті жас жігіт өз кінәсін толықтай мойындап отыр. Тәртіп сақшылары ұрланған трактор қондырмасын заңды иесіне кайтарды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің бас шарасы қолхатта — деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Түркістан полицейлері тұрғындарға өздеріңізге құнды, қымбат деп есептейтін заттарды қараусыз қалдырмауға кеңес береді.
ТО ПД-нің баспасөз қызметі




