Түркістан облысының аумағында ағымдағы жылдың 17 мамыры мен 16 маусымы аралығында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Мұндағы басты мақсат — жол қозғалысы ережелерін бұзуды анықтау және жолын кесу, жүргізушілер арасында көлік тәртібін арттыру, облыс жолдарында апаттылықты төмендету болып табылады. Жедел алдын алу іс-шарасына 500-ге жуық патрульдік полиция қызметкерлері, учаскелік инспекторлар, басқа да мүдделі органдардың өкілдері жұмылдырылған.
Жалпы «Қауіпсіз жол» іс-шарасы басталғалы 2021 жылдың 10 маусымына дейін тәртіп сақшылары 27312 жол ережесін бұзушылықты анықтап, мас күйінде көлік жүргізген 105 жүргізушіні ұстады. Қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін 5326 жүргізуші, қозғалыс кезінде телефонды пайдаланғаны үшін -2054, жылдамдықты асырғаны үшін — 844, маневр жасау ережелерін бұзғаны үшін — 1185, қарама — қарсы қозғалыс жолағына шыққаны үшін — 76, бағдаршамның тыйым салатын сигналына шыққаны үшін — 164, авариялық жағдай туғызғаны үшін — 128, теміржол өтпелерінен өту ережелерін бұзғаны үшін — 17, техникалық байқаудан өтпегені үшін – 1290 жайтты анықтаған. Сонымен қатар жүргізуші куәлігінен айырылған болса да көлік басқарған 5 және мүлдем көлік жүргізу куәлігі болмай көлік тізгіндеген 6 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оған қоса тәртіп сақшылары жалған мемлекеттік нөмірі бар 15 көлікті ұстады және ЖҚЕ бұзған 4700 жаяу жүргіншіге қатысты әкімшілік хаттама толтырды — деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Сонымен қатар, тексеру барысында патрульдік полиция қызметкерлері қоғамдық көлік жүргізушілері жасаған 337 жол қауіпсіздігі ережесін бұзушылықты анықтады. Заңсыз қайта жабдықтаудың 305 дерегін, 17 рейс алдындағы және медициналық тексеруден өтпеу жағдайын анықтады. 972 көлік айыптұрағына қойылды.
Түркістан облысының полицейлері, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге, жолаушыларға ережелерді қатаң сақтап, жылдамдық режимін бұзбауға және қарсы қозғалыс жолағына шықпауға шақырады. Жол қозғалысы ережелерін бұзудың соңы орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін екенін ұмытпаңыз!
ТО ПД-ның баспасөз қызметі




