Түркістан облысының полицейлері есірткіге қатысты қылмыстардың алдын алып, болдырмау мақсатында бірқатар рейдтік-профилактикалық іс-шараларды өткізуде. ТО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен осындай кезекті профилактикалық жұмыстың 5 тәулігінде есірткіге қатысты қылмыстар мен қылмыстық теріс қылықтар бойынша 16 жайт анықталды.
Оның ішінде ҚР ҚК-нің 297-бабымен «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу» — 2 дерек, ҚР ҚК-нің 286-бабы «Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы» 1 дерек, ҚР ҚК-нің 301-бабы «Улы заттардың, сондай-ақ есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді немесе улы заттарды дайындау немесе қайта өңдеу үшін пайдаланылатын заттардың, құрал-саймандардың немесе жабдықтардың заңсыз айналымы» 2 дерек, ҚР ҚК-нің 296-бабы «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс» 1 дерек, осы баптың 3-бөлімімен 1 дерек анықталған.
Сонымен қатар облыс полицейлерімен 5 тәулік ішінде ҚР ӘҚБтК-нің 426-бабы «Фармацевтикалық қызметтің және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласының қағидаларын бұзу» 7 жайт анықталған. Заңсыз айналымнан жалпы 500 грамнан астам есірткі заты мен 44 мл прекурсорлар тәркіленіп, алынды — деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Мысалы, Жетісай АПБ-ға қала тұрғындарының бірі өз үйінің ауласында есірткі затын өсіретіндігі жөнінде хабарлама келіп түскен. Жетісай АПБ қызметкерлері келіп түскен ақпарат бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп, күдіктінің үйін, жеке басын анықтады. Оның ауласына тінту жүргізу барысында сарайынан есірткіге ұқсас хош иісі бар 19 дана темекіге және газет парағына оралған зат табылып, тәркіленіп алынды. Қазіргі таңда күдікті азаматқа қатысты ҚР ҚК-нің 296-бабы 2-бөлігімен қылмыстық іс қозғалып, тиісті сот-сараптамасы тағайындалды.
Облыс тұрғындарына ескертеміз, есірткі атаулыға мүлде жоламаңыздар! Өз саулықтарыңыз үшін салауатты өмір салтын қалыптастырып, жаман әдеттерден аулақ болыңыздар.
ТО ПД-ның баспасөз қызметі




