31.05.2021 жылы шамамен сағат 12.25-те Сарыағаш АПБ-ға жедел жәрдемнің 103 нөмірлі желісінен жол-көлік оқиғасы орын алғаны туралы хабарлама түскен. Сарыағаш АПБ полицейлері аталған жайтты бірден ҚР ҚК-нің 345-бабы 4 бөлігімен «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бойынша тіркеп, оқиға орнына жедел жетті.
Полиция қызметкерлері оқиға орын алған аумақты мұқият қарап, тиісті тексеру жұмыстарын жүргізді. Анықталғандай Сарыағаш ауданы Қапланбек ауылдық округі Сарыағаш-Дербісек тас жолының бойында, «Опель-Вектра» маркалы жеңіл автокөлігі қарама-қарсы бағытқа шығып кетіп, өз жолында келе жатқан «Камаз» жүк көлігімен соқтығысқан. Нәтижесінде жеңіл көлік жүргізушісі және оның ішіндегі үш жолаушысы оқиға орнында көз жұмған.
Ал «Камаз» жүк көлігінде тек жүргізушісі ғана болған, ол дін аман, ешқандай дене жарақатын алмаған.
Бүгінгі таңда бұл жайтқа байланысты тиісті сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның толық мәнжайы анықталу үстінде. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде — деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Құрметті жүргізушілер жолда жүргенде жылдамдықты асырмай, жол қозғалысы ережесін сақтаңыздар. Жол қателікті кешірмейді, керісінше мұқияттылық пен сақтықты талап етеді!
ТО ПД-нің баспасөз қызметі




