Нақтырақ айтар болсақ, Сарыағаш АПБ-ға жергілікті тұрғындардың бірінің есірткіні үйінде заңсыз өсірумен айналысатыны туралы хабарлама келіп түсті. Аталған жайтты полиция қызметкерлері СДТБТ-ға ҚР ҚК-нің 300-бабы «Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру» бойынша тіркеп тексеру жұмыстарын бастап кетті. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полицейлер есірткі өсіру қылмысына қатысы бар күдіктіні анықтады — деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Тәртіп сақшылары ұсталған адамның тұрғылықты мекенжайын тінту кезінде, үйінің ішінде арнайы құтыға өсірілген есірткіге ұқсас өсімдікті тапты. Аталған өсімдік сараптамаға жіберіліп, қорытындысы бойынша жалпы салмағы 17 грамға жуық «Сора» өсімдігі екені анықталды
Бірер күн өткеннен соң дәл осындай есірткіге байланысты тағы бір жайт облыста тіркелді. Яғни полицейлермен жүргізілген жедел іс-шаралардың нәтижесінде Шардара ауданында өз үйінің ауласында 23 грамм «Сора» өсімдігін өсірген күдікті анықталды. Осы аталған 2 жайт бойынша күдіктілерге қатысты ҚР ҚК-нің 300-бабы «Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру» бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері есірткінің заңсыз өсіру мен таралуына байланысты қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.
ТО ПД баспасөз қызметі




