Түркістан облысы Полиция департаментінің жедел басқару орталығы бейнебақылау камералары арқылы жалған нөмер тағып жүрген автокөлікті байқап, полицейлерге бағыттама берген. Яғни «Ваз-21144» маркалы автокөлігі жалған мемлекеттік белгісін тағып, Сарыағаш, Мақтаарал, Жетісай бағытына кеткендігі хабарланған. Осы бағыттама бойынша Мақтаарал АПБ Жергілікті полиция қызметінің патрульдік полиция тобының қызмет инспекторы полиция аға лейтенанты Ескендір Жұмабеков кешкі сағат 18:00 шамасында профилактикалық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатындағы атқарылған жұмыстарының нәтижесінде Мақтаарал ауданы Атакент кентінің орталық көшелерінің бірінде көрінеу жалған мемлекеттік белгісін тағып жүрген жүргізушіні анықтады. Белгілі болғандай жүргізуші өзінің басқаруындағы «Ваз-21144» маркалы автокөлігіне «Тайота Камри» маркалы автокөліктің мемлекеттік белгісін тағып алған.
Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 4-бөлімі «Көрiнеу жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерi (белгiсi) бар көлiк құралын басқару, сол сияқты мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерiн (белгiсiн) сәйкестендіруге кедергі келтіретін не олардың түрін өзгертетін немесе жасыратын құрылғылар мен материалдар қолданыла отырып жабдықталған мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерi (белгiсi) бар көлiк құралын басқару» және 603-бабы 2-бөлігі «Арнайы жарық және (немесе) дыбыс сигналдарын беруге арналған құрылғыларды (күзет сигналын беруді қоспағанда) көлiк құралына тиiстi рұқсатсыз орнату» бойынша тиісті іс-құжаттар жинақталып, заңды шешім қабылдау үшін Мақтаарал аудандық сотына жолданды — деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Өз кезегінде Түркістан облысы полицейлері жүргізушілерді осы тәрізді олқылықтарға жол бермеуге шақырады. Қайта жабдықтауды да заңға сәйкес жасау қажет. Одан бөлек, жолда жылдамдықты асырмауға, маневр жасау қағидаларын бұзбауға, мүмкіндігінше сақтық шараларын қолданып көлік басқаруға кеңес береді.
ТО ПД-ның баспасөз қызметі




