Түркістан облысының полицейлері өз қызметтеріне жауапкершілікпен қарап, қандай істі болмасын тыңғылықты жасайды. Осындай түнгі кезекшілік барысында Отырар АПБ ЖПҚ ППТ инспекторлары полиция аға лейтенанттары Жандос Бейімбетов пен Пазыл Керімкулов Отырар ауданы Шәуілдір ауылында орналасқан саябақтардың бірінен, таңғы сағат 08:30 шамасында жерде жатқан қарт кісіні көреді. Содан соң бірден Отырар аудандық ауруханасына жеткізіп, тәртіп сақшылары табылған атаның аты-жөнін анықтады. Осылайша бірден қарттың отбасын іздеуге кірісті — деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, 85 жастағы қарт кісі таңғы сағат 05:30 шамасында байқаусызда үйінен жеңіл киіммен шығып кеткен. Содан соң жүрген жерлерін есіне түсіре алмай, жеткен жерінде тоңып жатып қалған.
Аталарының аман-есен табылғанына қуанған отбасы: «Біздің атамыз үйден себепсіз шығып кетіпті. Содан соң өз бетімізше көршілерімізбен бірлесіп, Арыс өзенін жағалап іздеуге кірістік. Алайда таба алмадық. Полиция қызметкерлеріне үлкен рақмет»,-деп өз алғыстарын айтты.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға жақындарына бас-көз болып, қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді. Балаларыңыз немесе туыстарыңыз адасып не жоғалған жағдайда, тез арада 102 телефоны арқылы полицияға хабарласыңыздар.
ТО ПД-ның баспасөз қызметі




