2021 жылдың І-тоқсанында есірткінің заңсыз айналымына қатысты 119 есірткі қылмысы анықталған. Оның ішінде есірткі сату 32, аса ірі көлемде есірткі сақтау 6, есірткі контрабандасы бойынша 8 жайт. Ал, заңсыз айналымнан 36 келіден астам есірткі заты тәркіленген.
Мәселен, ТО ПД ЕҚҚІҚБ-ның қызметкерлерімен жедел-іздестіру шаралары барысында, Алматы-Кентау бағытында жүретін автобустың жолаушылары күдік тудырады. Тексеру кезінде олардың сөмкелерінің ішінен полиэтилен пакетке оралған есірткіге ұқсас зат табылады. Сараптама қорытындысымен тәркіленіп алынған есірткі 9 келіден астам «марихуана» екені анықталды. Күдіктінің бірі Кентау қаласының, екіншісі Жамбыл облысының тұрғыны болып шықты. Қазіргі таңда күдіктілер қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Сондай-ақ тәртіп сақшылары Түлкібас ауданы арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолында «Ауди» маркалы көлікті тоқтатады. Тексеру барысында, жолаушы орындығының аяқ қойғышынан полиэтилен пакетке оралған жалпы салмағы 12 келі 860 гр «кептірілген марихуана» табылып, тәркіленді. Жамбылдық күдіктілер қамауға алынды.
Бұдан бөлек ТО ПД ЕҚҚІҚБ-ның және Сарыағаш АПБ-нің қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде, есірткі сатты деген күдікті ұсталды. Оның үйіне тінту жүргізу кезінде 19 дана қағазға оралған есірткі заты марихуана мен пневматикалық тапанша табылып, тәркіленіп алынды. Күдіктінің бас шарасы «қамауда». Бүгінде аталған жайт ҚР ҚК-нің 297-бабымен тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда.
Сонымен қатар шекара аумағында қызметтік иттердің көмегімен бірнеше есірткіге қатысты қылмыстар анықталды. Мәселен, «Марика» есімді қызметтік ит «Жібек жолы» шекара бекетінен өткен Алматы облысының тұрғынына белгі береді. Тексеру барысында аталған ер адамның қол сөмкесінен 1 дана полиэтилен пакетке оралған марихуана тәркіленіп алынды. Бұл жайтқа қатысты ҚР ҚК-нің 286-бабымен тергеу амалдары жүргізілуде — деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Ал, ТО ПД ЕҚҚІҚБ мен Шекара қызметінің қызметкерлерімен бірлесіп, «Линда» есімді қызметтік итті пайдалану арқылы ӨР-нан ҚР-на қарай өткен Шымкент қаласының тұрғыны есірткі тасымалдау бойынша күдікпен ұсталды. Нәтижесінде оның шалбарының қалтасынан есірткі табылды. Тергеу амалдары Сарыағаш АПБ-де ҚР ҚК-нің 286-бабы бойынша жүргізілуде.
Ескерту: есірткімен байланысты қылмыстар жасаған тұлғаларға заңмен қатаң жазаға тарту көзделген, оның ішінде есірткі сату қылмыстары үшін 10 жылдан 15 жылға, есірткі заттарын сақтағаны үшін 5 жылдан 10 жылға дейін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Сондай-ақ есірткі затын қолдану адам денсаулығына өте зиян. Осыны түсіндіріп, есірткіге қатысты қылмыстарды болдырмау, алдын алу мақсатында ТО ПД-ның ЕҚҚІҚБ-сымен жан-жақты, жүйелі түрде жұмыстар ұйымдастырылып, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.
ТО ПД-ның баспасөз қызметі




