Шардара АПБ-не жергілікті тұрғын арызданып келеді. Оның айтуынша белгісіз біреулер түнгі уақытта үйінің ауласына кірген. Содан керекті құрал-жабдықтар сақтайтын қоймасының терезесін сындырып, ішінде тұрған 27 мың теңге тұратын дәнекерлеуші аппаратын жымқырып ізін суытқан. Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 188-бабымен «Ұрлық» тіркеп, шұғыл іздестіру жұмыстарын бастап кетті.
Оқиға орнына жедел-тергеу тобы мен осы ауылдың жергілікті учаскелік инпекторлары жетеді. Сондай-ақ шардаралық полицейлер орын алған қылмысты ашу үшін барлық қажетті шараны іске асырады. Нәтижесінде тәртіп сақшылары күдікті ретінде орта жастағы азаматты ұстап, полиция бөлімшесіне жеткізеді.
Қазіргі таңда күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде — деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті жәбірленушінің танысы болып шықты. Ұрланған зат күдіктінің ауласынан, яғни жасырған жерінен тәркіленіп алынды. Заңды иесіне қайтарылды. Бүгінгі таңда күдікті азамат қолхатта.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болу және мүлкін қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді. Үйіңізге немесе сарай, қойма орындарында бейнебақылау камералары мен күзет дабылы орнатылуы қажеттігін естен шығармаңыздар.
ТО ПД-ның баспасөз қызметі




