Сарыағаш АПБ-не жергілікті тұрғын арызданып келген. Онда түнгі сағат 00:30 шамасында, өзінің үйінің ауласында тұрған «Пассат» маркалы автокөлігін белгісіз азамат заңсыз басқарып кеткенін көрсеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 1 500 000 теңгеге жуық. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша СДТБТ-ға тіркеді.
Қылмыс орнына келген Сарыағаш АПБ жедел-тергеу тобының қызметкерлері айналаны мұқият тексерді, сондай-ақ басқа да жедел іс-шараларды өткізді. Тәртіп сақшылары жақын маңдағы аулаларды аралап, куәгерлермен сұхбаттасып, көшедегі бейнебақылау камераларын тексерді. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, тәртіп сақшылары күдіктілерді Шымкент қаласынан ұстады. Олар Келес ауданының тұрғындары болып шықты. Жедел уәкілдер қолға түскен күдіктілерді аудандық полиция бөліміне жеткізді. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілердің бас шарасы қолхатта — деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Тергеу барысында анықталғандай, екі жас жігіт Сарыағаш ауданындағы жылыжайға жұмыс жасауға келген. Содан соң олар өзара келісіп, оңай жолмен олжа таппақ болған. Осылайша көшелерді аралап, бір барлап шыққан. Осы сәтте жәбірленушінің ауласында тұрған автокөліктің есігі ашық қалып кеткенін байқап, оны заңсыз айдап кеткен.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері автокөлік иелеріне көліктерін үнемі бекітіп жүруді ескертеді. Мүмкіндігінше көлікке қауіпсіздік дабылын орнатыңыз, бұл ұрыларды қорқытуға көмектеседі. Егер, Сіз, автокөлік ұрлығының құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада 102 телефоны бойынша полицияға хабарласыңыз.
ТО ПД-нің баспасөз қызметі




