Карантин режимін және шектеу шараларын сақтау үшін тұрақты түрде құрылған топпен бірге профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Осындай шара барысында Сарыағаш ауданы, Дербісек ауылының көшелерінің бірінде орналасқан тойханада үйлену тойы өтіп жатқаны анықталды. Шамамен 180-ге жуық тұрғынды жинаған тойхана басшысы мен той иесіне қатысты іс-құжаттар рәсімделіп, Түркістан облысы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысында көрсетілген карантин режимін және шектеу шараларын сақтамағаны үшін, іс-құжаттар Сарыағаш аудандық СЭББ-на жолданды — деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Сонымен қатар Сарыағаш ауданы, Қапланбек ауылы арқылы өтетін Шымкент-Жетісай тас жолының бойында орналасқан шағын кафенің жұмыс жасап тұрғаны анықталып, мобильді топ құрамымен акті түзілді. Себебі осы мекемені жүргізуші немесе осы кафенің иесі келмей, түсініктеме беруден бас тартты. Жинақталған іс-құжаттар заңды шешім көру үшін СЭББ-ға жолданды.
Түркістан облысы Полиция департаменті карантин режимі кезінде бекітілген талаптарды орындамай, тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіретін азаматтар тиісті жазаға тартылатынын ескертеді. Сондықтан Бас санитарлық дәрігердің қаулысының талаптарын қатаң сақтау, бетперде кию және арақашықтықты сақтауды естен шығармаңыз.
ТО ПД-ның баспасөз қызметі




