Тыныштық пен қауіпсіздікті сақтауда ерлермен иық тіресе қызмет етіп жүрген қайсар ару қыздар да көп. Солардың бірі Отырарлық Айнұр Тулеуова. Үнемі қызметтік формамен жүретін ол, кәсіби маман. Жауапкершілігі жоғары қызметкер. Ал, үйде ата-енесінің сүйікті келіні, жұбайының адал жары. Балаларына бағыт-бағдар беріп, тәрбиелеп оытрған ақ жаулықты ана.
Айнұр Мұсабекқызының ішкі істер саласында еңбек етіп келе жатқанынан 20 жылға жуық уақыт болыпты. Алғашқыда оператор болып қызметке орналасқан жас қыз бертін келе бұл саланың кәнігі маманы атанған. Кейіннен аудандық полиция бөлімінде әйелдерді зорлық – зомбылықтан қорғау тобының инспекторы қызметін абыроймен атқарды.
— Ауылдағы тәрбие жақсы ғой. Мұнда қылмыс та, құқық бұзушылық та өте сирек болады. Арасында «қағынатын» бірді-екілі тәртіп бұзушыларды ағайындарының өзі – ақ басып тастайды. Полицияға жеткізбейді. Дегенмен, соңғы кезде адам сенгісіз жағдайлар ауылдардан да шығып жатыр. Күйеуінен зорлық зомбылық көргенін айтып, полиция бөлімшесіне шағымданушыларда көбейіп келеді. Әрине бұл бағытта жергілікті полицейлер жүйелі түрде жұмыс істеуде – дейді Айнұр Тулеуова.
Қызметін аса қырағылықпен атқаратын Айнұр 2011 жылы Аудандық полиция бөлімінің штаб бастығы болып тағайындалды. Министрлікпен қатар, облыстық департаменттен келетін тапсырмалардың орындалуын қадағалау, жеке құрамның жұмысын үйлестіру бағытында еңбек етуде.
— “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында “102” мобильді қосымшасы іске қосылды. Осы қосымшаның көмегімен азаматтар полицияға кез-келген құқық бұзушылық туралы хабарлама жібере алады. Оның ішінде жеке қауіпсіздік қызметіне өтініш бере алады. Бұл жаңашылдықтардың барлығын әрбір азаматқа жеткізу қажет. Сонымен қатар, учаскелік полиция инспекторларының мәртебесін арттыру мақсатында жұмыс істеп жатырмыз – дейді полиция майоры.
Бала күнінен шен тағып, ішкі істер органдарында қызмет етуді мақсат еткен Айнұр бұл салаға жай келген жоқ. Қоғам тыныштығын күзетіп, халыққа қызмет етуді басты мақсат етті. Еңбек жолында көптеген жылдар бойы аудандық полиция бөлімін басқарған Мәулен Исақұлов есімді полиция полковнигінен бағыт бағдар алды. Тәжірибесін толықтырып, біліктілігін арттырды. Қасында жүріп қырағылықты үйренді — деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
— Жалпы өзім Төле би ауданында туып өстім. Жергілікті жердегі мектепте білім алған соң, Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ «Заңгер» мамандығын меңгердім. Отырарға келін болдым. Қазір осында қызмет етіп жүрмін. Өмірлік білім берген полиция полковнигі Мәулен Исақұловқа айтар алғысым шексіз – дейді тәртіп сақшысы.
Айнұрдың үйде күнделікті ата-енесінің шәйін дайындап, бабын жасайды. Одан соң қызметте. Ал, бос уақытын бала тәрбиесіне арнайды. Жолдасы өрт сөндіруші. Екеуі 2 қыз, үш ұл тәрбиелеп отыр.
— Жалпы Отырар аудандық полиция бөлімінде ерлермен бірге 4 ару шен тағып, форма киеді. Мәселен, Перизат Ерденова көші-қон саласында еңбек етсе, Зубайра Надированың қызметі уақытша ұстау изоляторында. Динара Ерденова ювеналды полиция тобының инспекторы. Мен Отырар аудандық полиция бөлімінде штабтың аға инспекторы қызметін атқарудамын. Баршамызда халыққа қызмет етуді – абыройлы міндет санаймыз. Сондай-ақ, осы жолды уақытпен санаспай қызмет етуге әзірміз – дейді полиция майоры Айнұр Тулеуова.




