Келес АПБ-нің полиция қызметкерлері жергілікті тұрғындарға, соның ішінде қарттарға, ҰОС ардагерлері мен мүмкіндігі шектеулі жандарға құжатын жасап беруге, ары-бері сандалтпауға үнемі көмек көрсетіп отырады. Осы мақсатта Келес АПБ-нің қызметкерлерінен құрылған мобильдік топ халық арасында сұрастыру жұмыстарын жүргізіп, жеке куәлігінің мерзімі өткен 1 ғасыр жасаған әжені анықтады. Содан кейін ақ жаулықты ананы ХҚКО-на жедел жеткізіп, қажетті фото-бейнеге түсірді. Осылайша Келес ауданының тұрғыны Махира Сейдахметоваға құжатын қайта жасап беруге көмек беріліп, дайын құжатын табыстады-деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Өз кезегінде 100 жасқа келген кейуананың куанышында шек болмады. Ол полиция қызметкерлеріне және оларды басқарып отырған басшыларына аналық алғысын жаудырды. «Жұмыстарыңа табыс тілеймін. Еліміз аман болсын, Сендер көбейіп, өсіп-өне беріңдер. Рақмет айтамын»-деп шынайы ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.
Жалпы, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің тапсырмасына сәйкес Түркістан облысы Полиция департаментінде құжаттанбаған немесе КСРО құжатымен қалып қойғандарға, егде жастағы жүріп-тұруы қиын қарияларға құжат рәсімдеу мақсатында көші-қон қызметкерлерінен арнайы мобильдік топтар құрылып, қарқынды жұмыс жүргізуде. Ең басты мақсат халықты сандалтпай, оларға қолайлы қызмет ұсыну болып табылады.
ТО ПД-нің баспасөз қызметі




