Заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл, тиісті құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және көші-қон жағдайын тұрақтандыру мақсатында, Түркістан облысының полицейлері көші-қон заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу, заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу бойынша күнделікті тұрақты жұмыс жүргізуде.
Жыл басынан бері Түркістан облысының аумағында «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының талаптарын өрескел бұзуға жол берген 3640 шетелдіктер мен Қазақстан Республикасының азаматтары анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Олардың ішінде біздің облысқа келіп, заңсыз жұмыс істеген 1575 шетелдік азамат ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабы 5-бөлігі «Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы» бойынша жауапқа тартылды. Ал сот шешімімен 457 шетелдік ел аумағынан шығарылды.
Сонымен қатар шетелдіктердің келуі туралы уақтылы хабарламаған қабылдаушы тарап бойынша 913 азаматқа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 518-бабы «Шетелдiктерді және азаматтығы жоқ адамдарды қабылдайтын жеке немесе заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы» бойынша әкімшілік шаралар қабылданды.
Сондай-ақ шетелдік жұмыс күшін заңсыз жұмысқа тартқаны үшін 182 адам ҚР ӘҚБтК 519-бабы «Шетелдiк жұмыс күшiн және еңбекшi көшiп келушілерді Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып тарту» бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Түркістан облысы ПД қызметкерлері тарапынан шетелдіктер мен еліміздің азаматтарының көші-қон заңнамасы талаптарын қатаң сақтауға және орындауға ерекше назар аударылуда.




