Бүгін, 5-қазан – жедел-іздестіру қызметі күні, сондай-ақ, биыл қылмыстық іздестіру қызметіне – 104 жыл. Айтулы датаның құрметіне орай, қылмыстық-іздестіру саласында 18 жылға жуық қызмет етіп келе жатқан Шымкент ҚПД Әл-Фараби АПБ КПБ аға жедел уәкілі Бақтияр Ақбердіұлы Дулатбаевты арнайы таныстырмақпыз.
Ол 1976 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданында туылған. 1982-1993 жылдары Төле би ауданының Тоғыс ауылындағы орта мектебін бітіріп шығады. 2005 жылы Алматы қаласы мамандандырылған күзет қызметі басқармасы арнайы кәсіби даярлық училищесінің тыңдаушысы болады. 2006-2008 жылдары ОҚО ІІД Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы Ішкі істер басқармасы патрульдік полиция тобының полицейі болып тағайындалады. Одан соң, бір жылдай ОҚО ІІД Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы Ішкі істер басқармасы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары тобының учаскелік полиция инспекторы қызметін атқарған. ОҚО ІІД Шымкент қаласы Ішкі істер басқармасы Әл-Фараби полиция бөлімі қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесі мектептегі учаскелік полиция инспекторлары тобының учаскелік полиция инспекторы болып жұмыс істейді. 2009 жылдан бастап 2011 жылдың қазанына дейін ОҚО ІІД Шымкент қаласы Ішкі істер басқармасы Әл-Фараби полиция бөлімі криминалдық полиция бөлімшесі қылмыстық іздестіру тобының жедел уәкілі болған. 2011 жылдан ОҚО ІІД Шымкент қаласы Ішкі істер басқармасы Әл-Фараби полиция бөлімі криминалдық полиция бөлімшесі мүліктік қылмыстарды ашу тобының аға жедел уәкілі қызметінде. 2018 жылдан бері Шымкент ҚПД Әл-Фараби АПБ КПБ аға жедел уәкілі лауазымында.
«Мен бала кезімнен полиция болуды, әсіресе қылмыстық полицияда жұмыс істеуді армандадым. Ішкі істер саласында 2005 жылдан бері жұмыс істеймін.. 2009 жылдан бері Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық полиция басқармасына Криминалдық полиция бөліміне ауыстым. Өйткені, бұл өте жауапты, әрі күрделі, алдыңғы шепте жүретін жұмыс. Кісі өлімі, зорлық-зомбылық, ұрлық, тонау сияқты қылмыстарды ашу мақсатында күн сайын еңбек етеміз. Қылмыс ашу, оқиға орнына жету, бізге сенім артқан қоғамның үмітін ақтау — менің борышым»,-дейді полиция подполковнигі Бақтияр Ақбердіұлы.
Криминалдық полиция қызметкерлерінің күнделікті өмірі түрлі оқиғаларға толы. Табандылық пен тәуекел бар. Жедел уәкілдің қауырт жұмысы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Жылдамдық, батылдық, әр түрлі адамдармен ортақ тіл табыса білу. Бұл қылмыстық іздестіру саласының мамандарына тән қасиеттер.
Қылмыстарды ашуға жанын салып жүрген жедел уәкілдердің жұмысына мол ізденіс пен табандылық тілейміз.




