Келес аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Әйел адамның айтуынша, оның кассадағы қызметкерімен есептесу кезінде, 720 000 теңге кем болып шыққан. Содан жәбірленуші оқиғаның толық мән-жайын анықтау үшін полиция қызметкерлерінен көмек сұраған.
Тәртіп сақшылары ақпарат келіп түскен бойда бірден іске кірісті. Олар қаражаттың қайда кеткенін анықтау үшін қажетті жұмыстарды атқарды. Полицейлердің жедел іздестіру шараларының нәтижесінде, қылмысқа қатысы бар күдікті анықталды. Ол жергілікті тұрғын болып шықты.
Анықталғандай, сезікті жігіт жанармай құю бекетінде кассир операторы болып жұмыс істеген. Жас жігіт кассадан 340 000 теңгені, арада біраз күн өткен соң тағы да 380 000 теңге ақшаны алған. Күдікті жігіт алған ақшаны құмар ойынына жұмсаған. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 189-бабы «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті емденіп алу немесе талан-таражға салу» бойынша тіркеуге алып, қазіргі таңда жігітке қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Облыс полицейлері тұрғындарға өз мүлкін сақтауда қырағы болуға шақырады. Сонымен қатар, ғимараттар мен дүкендерге, тұрғын үйлерге бейнебақылау камералары мен арнайы дабылқаққыштар орнатуға кеңес береді.




