Сарыағаш АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, ол қонақ үйге демалу үшін барған. Сол уақытта белгісіз біреудің ұялы телефонын жасырын жымқырып кеткенін көрсеткен. Аталған жайтты тәртіп сақшылары ҚР ҚК-нің 188-бабы 1-бөлігі «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды.
Сарыағаш АПБ-ның полицейлері ұрлық қылмысын ашу мақсатында оқиға орнына тез арада шығып, қажетті шараларды жүзеге асырды. Қонақ үйдің аулаларын қарап шығып, бейнебақылау камераларын қарап шықты. Соның нәтижесінде күдіктінің тұрғылықты мекенжайы анықталып, оны тәртіп сақшылары 1 күннің ішінде құрықтады. Ол жергілікті тұрғын болып шықты. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Анықталғандай күдікті әйелге ақша керек болған. Ол ұрлаған телефонды аудандағы сауда орындарының біріне 45 000 теңгеге сатып, бас пайдасының қажеттілігіне жұмсап жіберген.
Түркістан облысының полицейлері ұрлық қылмысының алдын алу үшін, сауда орындарына, ғимараттарға, тұрғын үйлерге бейнебақылау камералары мен дабылқаққыштар орнатуға кеңес береді. Егер де сіз ұрлық қылмысына куә болсаңыз, полицияның 102 нөміріне хабарласыңыз.




