Шардара АПБ көші-қон қызметі бөліміне 70 жастағы қарт әйел Атиш Баянова жеке басын құжаттандыруға өтініш білдірді. Ол 2002 жылы Өзбекстан Республикасынан Қазақстан Республикасына көшіп келіп, құжаттарын жоғалтып алған. Содан бері 20 жыл бойына құжатсыз жүрген. Өтінішті алысымен көші-қон полицейлері бірден тіркеуге алып, шұғыл түрде кейуанамыздың құжаттарын рәсімдеді. Нәтижесінде аз ғана уакыттың ішінде тәртіп сақшылары апаның жеке басын анықтайтын төлқұжатын жасап, өз қолына табыстады. Төлқұжат алғанына қуанған әйел көші-қон полицейлеріне ыстық ықыласын білдірді.
«Мен осы құжаттарымды алу үшін өтініш білдірген едім. Полиция қызметкерлеріне үлкен рақмет. Жасымды сыйлап, аз уақыттың ішінде бітіріп берді. Жұмыстарың алға баса берсін»,- деді. Бүгінде көпті көрген кейуана 2 ұл 3 қыз өсіріп, одан 18 немере 4 шөбере сүйіп отыр.
Құрметті облысымыздың тұрғындары! Полиция департаментінің осы бағыттағы жұмыстары өз жалғасын әрі қарай таба бермек. Өздеріңіздің құқықтық мәртебелеріңізді айқындау бойынша сұрақ туындаған жағдайда, сіздер, тұрғылықты мекен жайыңыз бойынша көші-қон қызметіне жүгінуіңізге болады!




