Ордабасы АПБ-ға 4 бірдей тұрғын арызданды. Олардың айтуынша алыс таныстары болып келетін 3 жігіт малдарын қымбат бағаға сатып береміз деп, сенімдеріне кіріп, қарызға сатып алған. Алайда олар айтқан уәдесін орындамай, не малдарын қайтарып бермей әбігерге салған. Жәбірленушілерге келген шығын көлемі 4 миллионға жуық теңгені құрады. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша СДТБТ-ға тіркеді.
Осындай алаяқтық жолмен тұрғындарды алдап, өзінің құрығына түсірген үш жас жігітті ұстау үшін тәжірибелі тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылды. Куәлардан жауап алынып, күдіктілердің болуы мүмкін жерлер мұқият тексерілді. Тыңғылықты жұмыстар нәтижесінде 2 күдікті Ақтау қаласынан ұсталды. Ал бір күдікті әлі де іздестірілу үстінде. Жауап алу барысында күдікті азаматтардың қарызға алған малдарын сатып жіберіп, ақшасын бас пайдаларына жаратып жібергені белгілі болды. Қазіргі таңда ұсталған екі күдікті қамауда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болуға және күмәнді қызметтер ұсынатын бейтаныс адамдарға алданбай, барынша абай болуды ескертеді.




