Түркістан облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі ППБ-ның қызмет инспекторы полиция капитаны Жанғазы Базарбеков мас күйде көлік жүргізудің кезекті жайтын анықтады. Яғни, ол Шымкент-Самара тас жолы бойында өзіне міндеттелген патрульдеу жұмысын атқару кезінде, түнгі уақытта автокөлікті белгілейтін сыртқы жарық шамдарын жақпай келе жатқан «Opel Vectra» көлігін тоқтатқан. Полицей Ж.Базарбеков жүргізушінің құжаттарын тексеруде, оның көлікті мас күйінде басқаруы мүмкін екеніне күдіктенеді. Анықтау мақсатында жүргізуші медициналық куәландыруға жеткізіліп, оның «жеңіл дәрежелі» мас халде екені расталды. Оған қоса жүргізушінің бұдан алдын да ішімдік ішіп, көлік тізгіндегені үшін Шымкент қалалық мамандырылған сотының қаулысы негізінде ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабымен кінәлі деп танылып, 6 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылғандығы белгілі болды. Десек те, өз қателігінен қорытынды шығармаған жүргізуші ішімдік ішіп, қайта көлік тізгіндеген.
Осыған байланысты аталған жайт ҚР ҚК-нің 346-бабы «Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған, алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын осындай адамның басқаруына беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру» бойынша СДТБТ-де тіркелді. Қазіргі таңда тергеу амалдары жұргізілуде. Ал жүргізушінің жарық шамын жақпағаны, техникалық байқаудан өтпегені бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 5-бөлігі және 9-бөлігі негізінде хаттама толтырылды.
Өз кезегінде тәртіп сақшылары жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырады. Мас күйде рульге отырмаңыз. Жүргізушілер, ескеріңіздер, жол қателіктері кешірмейді, жол ережесін сақтаңыз. Бұл сіздің өміріңіз бен жолаушылардың денсаулығын сақтауға көмектеседі.




