Түркістан облысы аумағында өтіп жатқан «Дәрмек» іс-шарасы барысында Қазығұрт АПБ полицейлері үйінде есірткі затын сақтаған тұрғынды ұстады. Толығырақ айта кетсек, аудан тұрғындарының бірі өз үйінде есірткі сақтайтыны туралы учаскелік полиция инспекторы полиция бөліміне хабарлаған. Тәртіп сақшылары хабар алған бойда жедел-іздестіру шараларына бірден кірісті. Ал күдікке ілінген ер адамның үйін тінту кезінде, оның аула ішінде орналасқан қорасынан қағазға салынған өзіне тән хош иісі бар есірткіге ұқсас зат табылды — деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 296-бабы «Есірткі, психотроптық заттармен,сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша тіркеп, тергеуді бастады. Айғақты зат ретінде алынған затқа сараптама тағайындалып, өсімдіктің «кептірілген марихуана» екені айқындалды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.
Өз кезегінде, Түркістан облысының полиция қызметкерлері азаматтарға заңсыз есірткі сақтап, өсірген, сатқандарға қылмыстық жауаптылық туралы ескертеді. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары облыс тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға және зиянды әдеттерден бас тартуға шақырады. Егер де, сіз, есірткіге немесе қандай да бір атыс қаруына қатысты ақпарат білсеңіз, тез арада полицияның «102» телефоны бойынша хабар беріңіз.




