Кентау қаласының оқушыларымен тәрбиелік мәні зор, өмірлеріне азық болар келелі кездесу өткізілді. Іс-шараны Түркістан облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері, Кентау ҚПБ ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлары ұйымдастырды. Яғни Кентау қаласындағы №19 және №14 мектептерінде 400-ге жуық оқушыға «Есірткіге жол жоқ!» тақырыбында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Іс-шараға мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, жоғарғы сынып оқушылары қатыстырылды. Жасөспірімдерге есірткі және нашақорлықтың зияндылығы мен оған қатысты заң алдындағы жауапкершілігі түсіндірілді— деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Жиын соңында жасөспірімдер осындай келелі кездесу ұйымдастырған полицейлерге алғыстарын білдірді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ. Жастардың тәртібі — тәртіп сақшыларының назарынан түспек емес.




