Арыс АПБ-нің учаскелік полиция инспекторы полиция аға лейтенанты Қанат Сасаевқа өз аумағында тұратын жергілікті тұрғын хабарласты. Ер адамның айтуынша, оның аулада тұрған 3 бас сиыры сыртқа шығып кетіп, із-түзсіз жоғалған. Өздігінен 3 күн бойы іздегенмен, іздеуі сәтсіз аяқталған. Болмағасын, өздеріне жақсы таныс учаскелік полиция инспекторынан көмек сұрайды. Аталған хабарлама бойынша учаскелік полиция инспекторы бірден іске кірісті. Тағы 2 бірдей әріптесімен бірлесіп, жан-жақты іздестіру жұмыстарын ұйымдастырды. Үйме-үй сұрастырып, көрген-білгендерден жауап алды. Нәтижесінде сиырлардың тұрған орны анықталды. Учаскелік полиция инспекторлары Қанат Сасаев, Әсет Ергашев, Михаил Крокустардың кәсіби шеберлігі, қырағылығы, осы аумақты жақсы білетіндігі арқасында ірі қара малдар, өзге тұрғынның қорасынан табылды.
Белгілі болғандай, ауылдасы қараусыз жүрген сиырларды иесі іздеп келер деп қорасына қамаған. Осылайша сиырлар иесіне қайтарылды — деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Өз кезегінде Талғат Айлабеков полицейлерге шынайы ризашылығын жеткізді. Тұрғын өз сөзінде: «Өзім табамын ғой деп едім, алайда 3 күн уақытым кетті. Ал полицейлер небары 2 сағат ішінде 3 бас ірі қара малымды тауып, өзіме қайтарды. Үлкен рақмет учаскелік полиция инспекторларына, жұмыстары алға баса берсін!»-дейді алғысын білдіріп.




