Кентау қалалық ПБ-ның қызметкерлері кәсіпкерлік палатасынан қайтарымсыз қаржыны шығарып беремін деп, екі бірдей жергілікті тұрғынды сан соқтырған күдікті әйелді ұстады.
Яғни Кентау қалалық полиция бөліміне жәбірленуші 2 ер азамат арызданып келген. Олардың айтуы бойынша, сырттай танысы қайтарымсыз ақша алып беремін деп, бірінен 220 000 теңге, екіншісінен 100 000 теңге ақша алған. Осылайша оларды 6 ай бойы алдап, қайтарымсыз ақшаны алып бермей, не ақшаларын қайтармай жүрген. Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚК 190-бабы «Алаяқтық» қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша СДТБТ-ға тіркеді.
Хабар алысымен полиция қызметкерлері алаяқтық қылмысын ашу мақсатында оқиға орнына жетті. Полицейлердің жан-жақты жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, күдікті әйел Алматы қаласынан ұсталды. Оны бірден ПБ-ға жеткізді. Күдікті әйел Қызылорда облысының тұрғыны болып шықты. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде — деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, күдікті жәбірленушілерден алған ақшаны өз қажеттілігіне жаратып жіберген.
Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қаржы мәселелерін шешуге күмәнді көмек ұсынатын бейтаныс адамдарға мұқият болу және артық сенімсіздік көрсетпеу қажеттігін ескертеді. Егер осындай қылмыстардың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, онда «102» телефоны бойынша полицияға тез арада хабарласыңыз.




