Ордабасы ауданы ПБ кезекші бөліміне ұрлық жайтының құрбаны болған жергілікті тұрғын арызданған. Жәбірленуші әйелдің айтуынша түнгі сағат 04:00 шамасында белгісіз азамат қорасының есігін бұзу арқылы ішке кіріп, 3 бас қойын ұрлап кеткенін көрсеткен. Осылайша оған 150 000 теңге шығын келтірген. Аталған дерек ҚК 188-1-бабы, яғни «Мал ұрлығы» қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша тіркелді.
Хабар алысымен полиция қызметкерлерінен құрылған топ оқиға орнына жедел жетті. Тәртіп сақшылары айналаны мұқият тексерді. Нәтижесінде жинақталған ақпарат көздері арқылы полицейлер күдіктіні Шымкент қаласы көшелерінің бірінен ұстады. Істің ақ-қарасын анықтау мақсатында оны ПБ-ға жеткізді. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты күдікті ер азамат қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Белгілі болғандай, күдікті тұрғындардың қалың ұйқыға кеткенін бақылаған. Содан соң түнгі уақытта қораға заңсыз кіріп, қойларды сыртқа алып шығып, өзінің басқаруындағы автокөлікке салған. Ұрланған малдардың барлығын Шымкент қаласының тұрғынына сатып, ақшасын бас пайдасының қажеттілігіне жұмсаған. Бүгінгі күні полиция қызметкерлерінің қырағылығының арқасында жоғалған 3 бас қой заңды иесіне қайтарылды — деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарды сақ болуға шақырады. Қырағы болып, малдарын қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді. Шаруашылық аулалар мен қора-жайларды сенімді қоршаумен нығайтып, құлыптар мен жарық орнату қажет. Сондай-ақ үй малына ен-таңба салдырып, бақташы жалдау керек. Егер, сіз, мал ұрлығының құрбаны немесе куәсі болсаңыз, тез арада «102» телефонына хабарласыңыз.
ТО ПД баспасөз қызметі




