Түркістан облысы тұрғындарының құжаттарын рәсімдеу, құжаттардың мерзімі өту бойынша туындаған мәселесін шешіп беруде көші қон қызметі тыңғылықты жұмыстар атқаруда. Еліміздегі карантин режиміне байланысты егде жастағы тұрғындарды құжаттандыру жұмысы әлі де жалғасын табуда.
Осындай мәселеге байланысты кезекті бір көмек сұраған азамат 69 жастағы Сарыағаш қаласының тұрғыны Базарбай Бекмұратов болды. Ол таңертең сағат 10:30-да аудандық халыққа қызмет көрсету орталығына мерзімі өткен құжатын қайта рәсімдеу үшін барған. Алайда аяқ-асты денсаулығы сыр беріп, құжатын жасатуға мүмкіндігі болмай, үйіне қайтып кеткен. Қазір дерті асқынып төсек тартып жатқандығы белгілі болды. Аталған азаматтың туыстары оның төсек тартып жатқандығы, ал құжатының жарамдылық мерзімінің өтіп бара жатқандығы туралы полицейлерге хабарлаған.
Өз кезегінде көші-қон қызметкерлері бұл жөнінде басқа да тиісті орындармен дереу байланысқа шығып, мерзімі өткен құжатты тез арада қайта қалпына келтіріп қойды. Содан соң көші-қон қызметі бөлімшесінің инспекторы полиция майоры Азамат Диханбаев аталған азаматтың мекен-жайына арнайы барып, қайта рәсімделген құжаттарды өз иесіне табыстады — деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Полицейлердің осындай қызметтік борышы мен жедел түрде жасаған жұмысына риза болған Б.Бекмұратовтың отбасы көші-қон қызметіне алғыстарын айтып, арнайы келген қызметкердің жұмыстағы еңбек жолына сәттілік тіледі.
ТО ПД-нің баспасөз қызметі




