Кентау ҚПБ-ға жергілікті тұрғын арызданады. Жәбірленушінің айтуынша, бейтаныс тұлға атынан онлайн-несие алып 2 миллион теңге шығын келтірген. Біраз уақыт өткен соң берешектері көбейіп банктен хабар келгенде, жәбірленуші тез арада тәртіп сақшыларынан мән-жайды анықтауға көмек берулерін сұраған. Аталған жайт СДТТБТ-не енгізіліп, ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді.
Арызданушының шағымына сәйкес, орын алған алаяқтық қылмысын ашып, күдіктіні анықтау мақсатында Кентау ҚПБ полицейлері қажетті іс-шараларды жүргізді. Тексеру жұмыстары нәтижесінде, полицейлер осы қылмысқа қатысты Павлодар қаласының тұрғынын анықтап, оны тұрғылықты мекенжайынан ұстады. Ол бойжеткен қыз болып шықты — деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Сондай-ақ күдіктінің өз арам ойын жүзеге асыру үшін түрлі әдіспен, өзгенің атынан несие рәсімдегені белгілі болды. Күдіктінің бас шарасы «қолхатта». Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полицейлер оқиғаның толық мән-жайын анықтауда.
Түркістан облысы полицейлері азаматтарға өзіңізге қатысты жеке, құпия сандарды ешкімге бермеңіздер деп ескертеді. Банктік карточкаларыңыз бен жеке куәлігіңізге, жалпы құжаттарыңызға ұқыпты болыңыздар. Егер, осындай интернет-алаяқтығының куәсі немесе құрбаны болсаңыз, тез арада полицияның «102» телефонына хабарласыңыздар.
ТО ПД-нің баспасөз қызметі




