Түлкібас аудандық полиция бөліміне жас қыз арызданып, ұялы телефонының ұрланғанын хабарлады. Сатушы қыздың айтуынша, қалалық сауда орталығында орналасқан дүкендердің бірінде оның сөреде тұрған құны 350 000 теңге болатын «Айфон Х» маркалы ұялы телефонын белгісіз біреу ұрлап кеткен. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша СДТБТ-ға тіркеді. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы шығып, барлық қажетті іс-шараларды жүргізді. Көрген-білгендерден жауап алып, жақын маңдағы аумақтар мен бейнебақылау камераларын мұқият тексеріп шықты.
Осылай жан-жақты ұйымдастырылған 1 тәуліктік жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, тәртіп сақшылары осы қылмысқа күдікті ер азматтың ізіне шықты. Түлкібас ауданының көшелерінің бірінен ұсталған күдікті, АПБ-ға жеткізілді.
Белгілі болғандай, ұры оңай жолмен пайда табу мақсатында, қараусыз тұрған ұялы телефонды ешкімге білдіртпей жымқырып кеткен. Тергеу бүгінде күдіктінің басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтап жатыр. Күдіктінің бас шарасы «міндеттемеде» — деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Бөтеннің мүлкін ұрлауды болдырмау үшін Түркістан облысының полицейлері азаматтарға мұқият болуды және өз мүлкін сақтауға шаралар қабылдауға кеңес береді. Терезелерге кіретін есіктерге темір торлар мен сенімді құлыптар орнату қажет. Егер сіз осындай қылмыстардың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, дереу полицияға 102 нөміріне хабарласыңыз.
ТО ПД-нің баспасөз қызметі




