Бәйдібек аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Әйелдің айтуынша, оның тұрғын-үйіне белгісіз біреу терезе арқылы заңсыз кіріп, 200 000 теңге ақшасы мен алтын бұйымдарын, күйеуінің аяқ-киімдерін ұрлаған. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алынды.
Орын алған ұрлық қылмысын ашу мақсатында тәжірибелі тәртіп сақшыларынан шұғыл жедел-тергеу тобы құрылды. Олар көрген-білгендерден жауап алып, жақын аумақтарды аралап шықты. Бәйдібек АПБ-нің қызметкерлерімен жан-жақты жүргізілген жедел-іздестіру жұмыстары нәтижесінде, осы қылмысқа қатысы бар күдіктінің жеке-басы анықталып ұсталды. Ол жергілікті тұрғын, жәбірленушінің көршісі болып шықты. Кінәсін мойындаған жас жігіт өз еркімен ұрлаған аяқ-киімді полицейлерге тапсырған. Ал ақшаны өз қажеттілігіне жаратып үлгерген — деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, ұрлық болған күні үйде ешкім болмаған. Осыны пайдаланған жас жігіт ашық тұрған пластик терезе арқылы, үйге заңсыз еніп, қолына ілінгенді жымқырып кеткен. Күдіктінің бас шарасы «қолхатта».
Өз кезегінде полицейлер тұрғындарға пәтер ұрлығының алдын алу үшін маман ретінде төмендегідей жағдайларды ескертеді:
1. Ұзақ мерзімге кетіп, үйді қараусыз тастаған жағдайда, көршілерден үйіңізді сіз келгенше қарап тұруын сұраңыз;
2. Оның ішінде көпқабатты тұрғын үйлерде тұратын азаматтардың пәтерлері бірінші немесе екінші қабатта орналасса, мүмкіндігінше терезелеріңізді темір тормен жабдықтаңыздар;
3. Есігіңізге сенімді механизмі бар құлып орнатыңыз;
4. Үйлеріңізге немесе аулаларыңызға мүмкіндігінше бейнебақылау жүйесі мен дабыл құрылғыларын оранатыңыз;
5. Өздерін жөндеу қызметінің немесе құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырса да, қызметтік куәліктерін тексерусіз бөтен адамдарды үйлеріңізге кіргізбеңіз;
6. Балаларыңызға танымайтын адамға есік ашуға тыйым салыңыз.
ТО ПД-ның баспасөз қызметі




