Ордабасы АПБ-ның кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданып келген. Онда белгісіз азамат оның дүкенінен 40 блоктан астам темекі мен кассадан 15 мың теңге ақша ұрлап кеткенін көрсеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі 250 000 теңгеден астам. Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша СДТТБТ-ға тіркеді.
Ордабасы АПБ-ның полиция қызметкерлері күдіктілерді ұстау мақсатында оқиға орнына тез арада шықты. Полиция қызметкерлері жақын маңдағы барлық аумақтарды аралап, куәгерлермен сұхбаттасып, бейнебақылау камераларын тексерді.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Ордабасы АПБ-ның қызметкерлері аз уақыттың ішінде азық-түлік дүкенінен ұрлық жасаған күдіктіні ұстады. Ол бұрын сотты болған Сарыағаш ауданының тұрғыны болып шықты. Тәртіп сақшылары күдіктіні аудандық полиция бөліміне жеткізді. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты күдікті азамат қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Белгілі болғандай, ұры дүкеннің терезелерін бұзу арқылы ішке еніп, әртүрлі темекі салынған қораптар мен кассадан 15 000 теңгені жымқырған. Сонымен қатар ұрланған темекілердің барлығын тұрғылықты үйіне жасырған. Ал ақшаны өз қажеттілігіне жұмсаған — деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Өз кезегінде Түркістан облысының тәртіп сақшылары тұрғындарға мұқият болуға және өз мүлкін сақтауға шаралар қабылдауға кеңес береді. Мүмкіндігінше, дүкенді бейнебақылау камераларымен және қауіпсіздік сигнализациясымен жабдықтау қажет. Егер, сіз, біреудің мүлкін ұрлаудың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, дереу полицияға «102» нөмірі арқылы хабарласыңыз.
ТО ПД-ның баспасөз қызметі




