Бәйдібек аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын хабарласып, көмектесулерін сұрайды. Жас жігіттің айтуынша, Шақпақ ауылының батыс бөлігінде орналасқан жайылымда жүрген оның 8 бас сиыры түнгі уақытта белгісіз жағдайда жоқ болған. Аяқ асты жоғалған сиырларын табу үшін мал иесі, полицейлерден қолдан келгенше жәрдем етуін өтінеді.
Аталған ақпаратты алысымен бәйдібектік тәртіп сақшылары оқиға орнына жедел жетті. Тәжірибелі тәртіп сақшыларынан арнайы 2 топ құрылды. Осы аймақтың тау-тасын жақсы білетін полицейлер, айналаны толық шолып шығып, жоғалған ірі қара малдарды табуға бағытталған барлық қажетті жұмыстарды атқарды. Куәгерлерден жауап алып, үй малын таситын автокөліктерді тексерді. Осылайша 3 тәулік бойы үзіліссіз жүргізілген тыңғылықты іс-шаралардың нәтижесінде, жоғалған сиырлар 150 шақырым жерде орналасқан Үсіктас ауылының жанындағы Қарасу жайылымынан табылып, егесіне қайтарылды — деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Осы орайда малдарының аман-есен табылғанына қуанған Еркінбек Спабеков, полиция қызметкерлеріне шынайы алғысын жеткізді: «Түнгі уақытта сиырларымды жоғалтып алдым. Өз бетімше іздеп таба алмадым. Содан соң полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгіндім. Олар тез арада іске кірісіп, соңында тауып берді. Тәртіп сақшыларына үлкен рақмет!».
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері жергілікті тұрғындарға, мал иелеріне төрт түлікті мүлдем қараусыз қалдырмау керектігін айтады. Барлық мал түрлеріне міндетті түрде ен-таңбасын салдырып, шаруашылықты мықтап бекітіп, жайылымдағы малдарға сенімді бақташы жалдау керектігін ескертеді. Малыңыз ұрланып немесе жоғалған жағдайда бірден полицияның 102 нөміріне хабарласу қажет.
ТО ПД-ның баспасөз қызметі




