Қазіргі таңда елімізде алаяқтық, яғни алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы оңай жолмен ақша табу мақсатында, сенгіш халықты алдап, соңында сан соқтырып кететіндер қатары көбейген. Сондықтан алаяқтарды анықтап, олардың жолын кесу үшін тәртіп сақшылары күні-түні қызмет атқаруда. Оның ішінде Түркістан облысының полицейлері де нәтижелі жұмыс жасап, алаяқтарды құрықтауда.
Мәселен, Жетісай аудандық полиция бөліміне бірнеше жергілікті тұрғын арызданған. Жәбірленуші әйелдердің айтуынша, олар жақын таныс емес егде жастағы әйелге сеніп, оның арбауына түсіп қалған. Яғни мемлекеттік бағдарлама бойынша қайтарымсыз қаражат шығаруға көмектесетінін айтқан алаяқ, тұрғындардың ақшаларын алған соң, жоқ болған. Жәбірленушінің бірі оған 200 000 теңге берсе, екіншісі 150 000 теңге ұстатқан. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алынды.
Орын алған алаяқтық қылмысын ашып, күдіктіні ұстау үшін жедел-тергеу тобы құрылды. Тәртіп сақшыларының іздестіру жұмыстары оң нәтиже беріп, күдікті Шымкент қаласынан ұсталып, АПБ-ға жеткізілді. Сондай-ақ 70 жастағы алаяқтың тағы бір әйелді алдап, 85 000 теңгесін алғаны белгілі болды. Бұл жолы алаяқ, тұрғынға мемлекет тарапынан мүгедек азаматтарға берілетін қаражат пен азық-түлік алып беремін деп иландырған. Жалпы осы 3 жайтқа қатысты нақты дәлелдерді тауып, тергеу жүргізген Жетісай АПБ-нің полицейлері жинақталған іс-құжаттарын сотқа жолдады.
Анықталғандай күдікті, яғни жергілікті тұрғын бұдан дейін де алаяқтық жасап, сотты болған. Ол бұдан алдын жасаған қылмысы үшін Жетісай аудандық сотының үкімімен ҚР ҚК 190-бабымен кінәлі деп танылып, 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалғанына қарамастан, қайта алаяқтық жасаған. Бүгінде ол өз кінәсін толық мойындады. Күдіктінің бас шарасы қолхатта — деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болуға және күмәнді қызметтер ұсынатын бейтаныс адамдарға сенбеуге кеңес береді. Сондай-ақ алаяқтан зардап шексеңіз, бірден полицияның 102 телефонына хабарласыңыз деп ескертеді
ТО ПД-ның баспасөз қызметі




