Түркістан облысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесу, ана мен баланы қорғау, қоғамдағы отбасының рөлін нығайту мақсатында ағымдағы жылдың 20-22 мамыр күндері аралығында ТО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының ұйымдастыруымен «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» акциясы өткізілуде. Акцияға ішкі істер органдарының күштері, жергілікті атқарушы органдар, прокуратура, үкіметтік емес ұйымдар, білім беру, денсаулық сақтау органдарымен еріктілер тартылған.
Акция шеңберінде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы мәселелер бойынша сенім телефонының «Қауырт желісінің» жұмысы ұйымдастырылады. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары үшін арнайы үлкен баннер-билбордтар ілініп, арнайы жаднамалар таратылады. Одан бөлек, карантин талабы сақтала отырып, түрлі қоғамдық іс-шаралар өткізу жоспарланған.
Жалпы Түркістан облысында 2021 жылдың 4 айында отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында жасалған қылмыстар саны 60 пайызға төмендеген. Ал, азаматтардан келіп түскен арыз-шағымдар 67,4 пайызға азайған. Нақтырақ айтсақ, ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабы «Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер» 68 жайт, ҚР ӘҚБтК-нің 73-1-бабы «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» бойынша 76 жайт, ҚР ӘҚБтК-нің 73-2-бабы «Ұрып-соғу» бойынша 9 жайт тіркелген.
Облыс көлемінде 1700-ден астам тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адам полицияға жеткізілген. Барлығы 1748 қорғау нұсқамасы шығарылған. Ал, қорғау нұсқамасын бұзған 39 адам ҚР ӘҚБтК-нің 461-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұдан бөлек, 292 тұлғаның мінез-құлқына сот арқылы ерекше талаптар белгіленіп, профилактикалық есепке алынған — деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Ескертеміз, отбасындағы зорлық-зомбылық бұл қылмыс. Отбасылық кикілжің тудырғандар, әлсіздерге жәбір көрсеткендер заң алдында әкімшілік не қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Сондықтан жақындарыңызға қорған болыңыз, отбасы шырқын бұзбаңыз! Егер, Сіз, отбасылық зорлық-зомбылықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, полицияның 102 нөміріне тез арада хабарласыңыз.
ТО ПД-ның баспасөз қызметі




