Жетісай аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданады. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, белгісіз тұлға оның қорасында байланып тұрған құны 300 000 теңге болатын 1 бас тайын ұрлап кеткен. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» бойынша тіркеуге алынды.
Тұрғынның қорада байлаулы тұрған тайын жымқырған күдіктіні ұстау мақсатында жедел-тергеу тобы құрылады. Жедел-іздестіру кезінде полицейлерге ұрыны ұстауға жергілікті тұрғын көмектеседі. Белгілі болғандай, күдікті жәбірленушінің бір көшеде тұратын көршісі болып шықты.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті көршісінің үйі түгел ұйқыға жатқанын пайдаланып, оның ауласында үйінен алыстау орналасқан қорасына заңсыз кіріп, ішіндегі тайын жымқырып кеткен. Содан оны Жетісай қаласындағы мал базарға сату мақсатында Мақталы-Жетісай тас жолында кетіп бара жатқанында, басқа ауылдасы көріп қалып, жылқының шынайы иесі ол емес екенін айтып, ұрының жылқыны өз иесіне қайтаруына ықпал етеді. Осылайша, полицейлер күдіктіні аудандық полиция бөліміне жеткізеді. Ол өз кінәсін толығымен мойындады. Осылайша жеңіл жолмен ақша таппақ болып, көршісінің малын көздеген күдікті ұсталды. Аталмыш тай айғақты зат ретінде алынып, заңды иесіне қайтарылды. Күдіктінің бас шарасы «қолхатта». Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде — деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Сондықтан әрбір азамат өзінің жеке мал-мүлкіне қырағы болуы керек. Малдарын қараусыз қалдырмай, уақытылы сырғалап, таңбалап, құжаттандырып, қора-жайын мықтап бекітуі қажет. Егер де малыңыз жоғалса не болмаса ұрланса, шұғыл 102-ге хабарлаңыз. Бастысы жоғалған малды өз еркіңізбен табамын деп уақыт жоғалтпаңыз. Ескерте кетер жайт, ұрлық орын алған сәтте полицияға уақыт жоғалтпастан бірден хабар беру арқылы сіз, тәртіп сақшыларының күдіктіні ізін суытпай ұстауына көмектесесіз!
ТО ПД-ның баспасөз қызметі




