Түлкібас АПБ-ның полицейлері ұрлық пен алаяқтыққа қатысы бар күдікті азаматты ұстады. Түлкібас АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып келген. Оның айтуынша, белгісіз біреу көлігіне жолаушы болып мініп, діттеген жеріне жеткен соң, автокөлік ішіндегі 200 мың теңгесін байқатпай жымқырып кеткен. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркелді. Жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі 200 мың теңге.
Қылмысты дер кезінде ашу мақсатында Түлкібас АПБ-ның қызметкерлерінен арнайы жедел тергеу тобы құрылды. Полицейлер жедел-іздестіру шараларын тиянақты жүргізді. Куәгерлерден сұрақ-жауаптар алынып, барлық бейнекамералар жіті қаралды. Нәтижесінде түлкібастық тәртіп сақшылары күдіктінің ізіне түсті. Бір күн ішінде оның түр-тұлғасын анықтап, полиция бөліміне жеткізді.
Белгілі болғандай, күдікті азамат өз арам ойын жүзеге асырған сәтте ізін суытқан. Сондай-ақ полицейлер күдікті азаматтың бұдан бөлек «Алаяқтық» қылмысына қатысы барын анықтады. Бұрын сотты болған. Бүгінгі таңда күдікті ер азамат қамауда. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде — деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері автокөлік иелеріне құнды заттарды көлікте қалдыруға болмайтынын ескертеді. Сіз, абай болуыңыз керек және қысқа уақытқа кетсеңіз де, көліктің терезелері мен есіктерін жабуды ұмытпаңыз. Көлікті жақсы жарықтандырылған жерге немесе күзетілетін тұраққа қою ұсынылады. Мүмкіндігінше көлікке қауіпсіздік дабылын орнатыңыз, бұл ұрыларды қорқытуға көмектеседі. Егер, Сіз, автокөлік ұрлығының құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада 102 телефоны бойынша полицияға хабарласыңыз.
ТО ПД баспасөз қызметі




