Түркістан облысында жол қозғалысын реттеу, құқық бұзушылықтардың алдын алу, жолын кесу, жол-көлік оқиғаларын болдырмау, жүргізушілердің ҚР жолда жүру ережесін сақтауын қамтамасыз ету мақсатында, күнделікті рейдтік іс-шаралар атқарылып отырады.
Осы бағыттағы кезекті рейдтік іс-шара барысында, Жетісай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған жүргізушіні ұстады. Нақтырақ айтсақ, Жетісай АПБ-не 3 көлік жүргізушісі арызданып, бір көше бойында 3-еуінің де көлігін белгісіз «Audi B4» маркалы автокөлігі соғып, қашып бара жатқанын жеткізеді.
Хабарлама бойынша жақын жерде жүрген ЖПҚ ППТ қызмет инспекторы полиция аға лейтенанттары Бекзат Ботабеков пен Қылыш Тұрмағанбетовтерге бағытнама беріледі. Оқиға орнына жеткен полицейлердің анықтауынша, кешкі сағат 18:00 шамасында «Audi B4» маркалы көлік бірінші көлікті жол бойында қысып соғып кетсе, екіншісін артынан соққан, келесісін басып озбақ болғанда соғып өтіп, үшеуіне де материалдық шығын келтірген — деп хабарлайды 102info.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысы полиция департаментіне сілтеме жасап.
Тәртіп сақшылары шұғыл әрекетке көшіп, қашқан көліктің соңынан ереді. Полицейлердің дұрыс әрекет етуінің нәтижесінде, қашып бара жатқан жүргізуші оқиға орнынан 10 шақырым қашықтықтан тоқтатылып, ұсталды. Ол Мақтаарал ауданының тұрғыны болып шықты.
Жүргізушінің құжаттарын тексеру кезінде, оның мас халде екендігіне күмән туындайды. Жүргізілген медициналық куәландырудың қорытындысына сәйкес, жүргізушінің «орта дәрежелі» мас халде екендігі белгілі болды. Сонымен қатар, жүргізушінің бұдан алдында ішімдік ішіп көлік басқарғаны үшін, жүргізуші куәлігінен айырылғаны анықталды. Яғни 2018 жылы Жетісай аудандық сотының қаулысымен ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабымен кінәлі деп танылып, 5 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылған. Соған қарамастан, қателікке қайта бой алдырып, мас күйінде көлік тізгіндеген.
Қазіргі таңда аталған жайт ҚР ҚК-нің 346 бабының 1-бөлігімен «Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру» тіркеліп, қылмыстық іс қозғалды. Оған қоса құжатсыз көлік басқарғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабы 2-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылды. Тергеп-тексеру амалдары Жетісай АПБ-нің аға анықтаушысы полиция капитаны Бағлан Назарқұловпен жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды.
ТО ПД-ның баспасөз қызметі




